"Қамшының" электрондық хат қоржынына «Қаhармандар» Республикалық қоғамдық қорының президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымовтан "Архивтерді құпиясыздандырып, мемлекет "жауып тастаған" проблемаларды ашатын кез келді" деген атаумен көлемді мақала келіп түсті. ҚР Президенті – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қ.К. Тоқаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаевтың, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Д.А.Қалетаевтың, ҚР Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Е.Т. Қариннің сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері – А.Сарым, М.Тайжан, С.Құттықадамның атына жолданған мақаланы қаз-қалпынша ұсынуды жөн көрдік.
Президент Әкімшілігінде архивтерді құпиясыздандыру және төл тарихымыздың «жабық» тақырыптарын ашу проблемалары талқыланады деген хабар көңілімізге жаңа үміт отын тұтатқандай болды. Өйткені отыз жылдан астам уақыт еліміздің аумағында орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысып, бұл жолдағы кедергілер қиындығын бір кісідей тартқан біз үшін бұл мәселенің мән-жайы бұрыннан белгілі еді. Сондықтан өзімнің жиған-терген, зерттеп, ойға түйген материалдарыма сүйене отырып, осы мәселе бойынша өз көзқарасымды және ұсыныстарымды баяндағым келеді.
Ең алдымен, бұл өзекті тақырыптың бас саяси штабта талқылануының өзі – жақсы нышан. Біз бұған барынша білімдар мемлекет қайраткерлерінің бірі болып саналатын еліміздің екінші Президенті түрткі жасаған болса керек деп ойлаймыз. Бұған дейін біз тек М. Тәжиннің қоғамға қажетті мәдени мұра, халықтың рухани түлеуі, қоғамдық сананы жаңғырту сияқты және басқа да идеяларды өзінің «жеке зертханасында», онда да «ұсақ-түйегіне» көніл бөлмей, академиялық тұрғыдан тұжырымдап жүргенін білуші едік. Бірақ оның өзі басшылар тарапынан әрдайым түсініктік пен қолдау таба бермейтін. Енді бұған Мемлекет басшысының өзі мұрындық болып жатса, біз бұйығылықтан арылып, белсенділік танытуымыз қажет. Әрине, философиялық – теориялық идеялар да маңызды, бірақ бүгінгі таңда мәселе Қазақстанды өз дамуының екінші кезеңіне шығаратын жарияланған реформалардың жаңа курсын іске асыруға тіреліп отыр.
Орайы келгенде айта кетейік, қазір қазақстандықтар мемлекет пен қоғам құруда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жақсы білетін жаңа Президент ретінде, сонымен бірге еуропалық үлгідегі көшбасшы ретінде Сізге көбірек ден қойып, көбірек сенім артып отыр. Бұл ретте Сіздің жақын маңайыңыз – (командаңыздың) білікті және мемлекетшіл патриоттардан құралғаны ләзім. Бізде интеллектуал-патриоттар, әсіресе жастар арасында өте көп. Жаңа Мемлекет басшысы ретінде Сіздің міндетіңіз – билік эшалоны мен қоғамда белең алып бара жатқан саяси және имандылық жемқорлығының жолын кесіп, осындай интеллектуалдарды тауып, олардың күш-жігерін Отанға қызмет етуге бағыттауға тиіссіз. Сөйтіп, бұған дейін билік көп жағдайда қолдамай басып, тастап жүрген патриот жастардың әлеуетін тиімді пайдалану керек.
Сондықтан қазіргі Президенттің сайлауалды тұғырнамасында, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде, Жолдауында мәлімделген әділдік қағидатын, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағытты орындау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іс жүзінде (сөз жүзінде және құрғақ ұран аясында емес) іске асырылуы шеңберінде жоғарыда аталған, халқымыздың ұлттық және патриоттық сана-сезімі мен бірлігінің негіздерін қалыптастыруға тікелей ықпал ететін мәселелер бойынша өз тұжырымдарым мен ұсыныстарымды ортаға салуды жөн көрдім. Сонымен...
Құқықтық, саяси және ғылыми тұрғыдан толық бағалануға және ашылуға («құпиясыздандыруға») жататын
ТАҚЫРЫПТАР
Бірінші әрі басты мәселе. Әлемнің барлық дерлік мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезекті мемлекеттік шара ретінде өз халқының азаттығы, өз жерінің тұтастығы, өз елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ұл-қыздарының (қаза тапқан және көзі тірі) тағдыры, көрсеткен ерлігі жөнінде шешім қабылдады. Олар өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтады. Бұл енді іргесі қаланған әрбір мемлекет ұстануға тиіс әлемдік практика. Қазақстанда бұл проблема бойынша бірде-бір арнаулы нормативтік мемлекеттік акт қабылданбады. Тек академиялық жобалар («Тарихи сананы қалпына келтіру тұжырымдамасы», «Мәдени мұра» және т.б.), сондай-ақ жұртшылықтың, ғалымдар мен ұрпақтарының талап етуі бойынша жекелеген тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арналған біржолғы шешімдер (жарлықтар, Үкімет қаулылары) ғана қабылданды. Біздің билік басындағы саяси элитамыз мемлекеттік тәуелсіздікті жария еткеннен кейін бұған біздің арқамызда ғана қол жеткізілді деп шешті. Соның салдарынан біздің билік еліміздің мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікке қандай құн төлеп, қалай қол жеткізгенін тиісті түрде бағалай алмады. Біздің бірқатар тарихшы ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміздің патриотизмі мен энтузиазмының арқасында ғана жекелеген тарихи фактілер мен тарихи қайраткерлер бойынша әділдік қалпына келтіріліп жатыр.
Сондықтан да біздің нағыз Қаһармандарымызды – Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерді саяси-құқықтық және азаматтық тұрғыдан толықтай ақтау үшін (қуғын-сүргін құрбандарының бірқатар санаттары әлі ақталған жоқ) «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер туралы» Заң қабылдау қажет. Тәуелсіз Қазақстанның Парламенті осы Заңда еліміз бен халқымыз үшін Қаһармандарымыздың ерлігі, батырлығы мен патриотизмі ең жоғары мемлекеттік және саяси құндылық, ұлттық қазына, адамгершілік эталоны, бүгінгі және болашақ ұрпақты, әсіресе жастарды тәрбиелеу үшін үлгі болып табылатынын нақты жазуға тиіс.
Біз «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңында (14.04.1993ж.) сотталған Қаһармандардың бір бөлігінің ғана қылмыстық ісін заң тұрғысынан қайта қарадық. Сотсыз, тергеусіз атылған, өз Отанын, өз жерін, өз халқының мүддесін қорғап, ұрыс алаңында қаза тапқан батырларымызды әлі қозғаған жоқпыз. Олар қылмыскерлер емес. Сондықтан да мемлекеттік деңгейде саяси тұрғыдан ақталуға тиіс.
Сонда ғана орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен олардың бөлімшелері, ғылыми, қоғамдық ұйымдар мен білім беру ұйымдары өңірлерде Қаһармандардың ерлігін мәңгі есте қалдыруға, бүгінгі және болашақ ұрпақты олардың өнегесімен тәрбиелеуге міндетті болады. Бұл нағыз Қаһармандардың халық алдында қоғамдық-саяси тұрғыдан ақталуына алып келеді.
Қазірге дейін олардың алдына мұндай міндет қойылған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның билігі ешқашан бұл мәселелерді кешенді түрде талқылап, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске және оның қатысушыларына жүйелі баға берген емес. Бүгінге дейін бұл тақырып билік үшін жабық болып келді, өйткені ол біздің тарихымызды өз қалауы бойынша «Қысқа курс» түрінде жазуға ұмтылғандықтан, қаһармандарымыздың ерлігі мен батырлығын мойындауға мүдделі болмады. Бірен-саран жағдайда болмаса, ресми идеология да, ғылыми мекемелер де осы бағытты берік ұстанып отыр.
Екінші. Қазақстан ғасырлар бойы көпұлтты және көпконфессиялы қауым ретінде қалыптасты. Сондықтан да түрлі себептерге орай біздің жерімізге келген басқа ұлт өкілдерінің көпшілігі қазақ халқының қонақжай, дархан, дос көңілін құрметтеп, қиын-қыстау сәттерде оны қорғаушылар қатарынан табылды.
Орыс, украин, татар, өзбек, еврей, ұйғыр, қырғыз және басқа да ұлт өкілдерінің Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте көрсеткен батырлығы мен патриоттығының жүздеген және мыңдаған фактілеріне мемлекеттік және саяси баға беру қажет. Бұл бүгінгі таңда мемлекеттің идеологиялық және насихаттау жұмысының әлсіз тұсы болып табылады.
Олардың ерлігі мен интернационализмін халқымыздың жады мен тарихында мәңгі қалдыру үшін осы мәселе бойынша арнаулы заңнамалық-нормативтік және ұйымдастырушылық шаралар қабылдау керек. Біз қазақстандық-интернационалистердің ортақ Отанымызды қорғау жолында танытқан патриотизмі мен ерлігін егеменді Қазақстанның ерекше құрметтеп, бағалайтынын мемлекеттік деңгейде көрсетуге тиіспіз. Бұл тұрғыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Біз – бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әрқайсымыздың тағдырымыз – Қазақстан тағдырында» деп дұрыс атап көрсетті. Қазақстандықтар қазақ халқының ұлт-азаттық күресін басқа елдердегі прогресшіл саяси күштер мен адамдардың әрдайым қолдап-құптағанын білгені жөн. Мысалы, Ресейде демократтар мен нағыз зиялылар қазақ халқының мүддесі үшін күрескен тұлғаларымызды қашанда қолдап, көмектесті, қуғын-сүргіннен сақтады. Олар билік басына келген кезде Қазақстан еркіндік алды.
Үшінші. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма сегіз жыл ішінде «Алаш» қозғалысы мен партиясының, «Алаш Орда» ұлттық мемлекетінің тарихи рөліне, орны мен маңызына, оның өз халқына қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен, Қазақстан мен қазақ халқының еуропалық және демократиялық бағытпен мемлекеттік және қоғамдық даму жолын нұсқаған, соның негізін қалаған ұлы көшбасшы-қаһармандарына мемлекеттік деңгейде объективті саяси баға берілмеді. Қазақстандықтардың келесі ұрпағы біздің бұл сорлылығымызды кешірмесе керек. Қалың көпшілік озық ойлы жұртшылықтың, патриоттардың, энтузиаст-ғалымдар мен ұрпақтарының табан тіреп талап етуінің арқасында ғана «Алаш» идеясы мен рухы қайта жаңғырып, алашордалықтардың ұлы саяси және тарихи мұрасы өз халқына қайтарылғанын анық біледі.
«Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры «Алашорданың» 100 жылдығы қарсаңында осы мерейтойға орай «Алаш» партиясының Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған жеті ұлы жетекшісіне халық пен Отан алдындағы аса көрнекті қызметі үшін «Халық Қаһарманы» атағын беруді ұсынған едік. Бірақ билік бұл ойды қолдамады. Неге екені белгісіз біздің билік әлі күнге дейін «Алашқа» жылы қабақ танытар емес.
Демек, біздің Кеңес Одағы мен кеңес халқының мүддесін қорғаған Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевқа Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін қайтыс болған соң Батыр атағын беруіміз дұрыс та, қазақ халқының мүддесі мен Қазақстанның азаттығы үшін жанын қиған «Алаш» серкелеріне осындай атақ беруіміз қате болғаны ма?! Әлде бұған саяси сауатымыз бен даналығымыз жетпей жатыр ма?! Мұның өзі біздің саяси элита мен «зиялы қауымның» санасы әліде болса коммунистік, отарлық бұғаудан арыла алмай отырғанын көрсетеді. 20 жылдан астам уақыт бойы біздің билік «Алаш» идеяларын көпшілікке таратпау үшін, «Алаш» рухын Астанаға жолатпау үшін күресіп келеді.
Төртінші. 1920-шы жылдар мен 1930-шы жылдардың басында Қазақстанда кеңес үкіметін күштеп орнатуға, азаматтық және таптық қарама-қайшылықты қолдан таңуға, халықтың азаматтық, ұлттық және рухани құқықтарын жаппай аяққа басуға, тәркілеуге, қазақ халқының жартысын жалмаған ұлы қасірет – аштық зұлматына әкеп соқтырған күштеп ұжымдастыру мен малды жаппай тартып алуға қарсы бой көтерген, биліктің өзі арандатқан 372 халық көтерілісіне халықаралық стандарттарға сәйкес мемлекеттік және объективті, ғылыми-саяси баға беру қажет. Бұл тақырыптар әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейде жабық болып отыр.
Ең алдымен біздің заңнамамыздан осы көтерілістерді – «бандылық құралымдар», ал қаһармандарды «бандиттер» деп атаған большевиктік-кеңестік жалалы атауларды алып тастау қажет. Себебі сотсыз атылып, асылғандарды айтпағанда, ресми сотталған көтерілісшілердің көпшілігі әлі ақталған жоқ. Мысалы, Бетпаққара көтерілісіне қатысып сотталған 500 адамның үшеуі ғана ақталған. Басқа барлық халықтық көтерілістер бойынша да осындай жағдай орын алып отыр.
Бесінші. Кеңес билігі мен оның арнаулы қызметтері 1917 – 1986 жылдар аралығында жүйелі және дәйекті түрде жүргізген «қазақ буржуазиялық ұлтшылдығымен» күрестің мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ әртүрлі салалар мен өңірлерде осы күресті іске асырудың салдарларын ғылыми-тарихи тұрғыдан кешенді түрде зерттеп, оларға саяси баға беру қажет. Бұл тақырыптың жабық болуына байланысты Білім және ғылым министрлігі осы проблемаларды ғылыми және кешенді зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, қаржыландыра алмады.
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің ерекшелігі мынада: Қазкрайкомда – Қазақстан Компартиясы ОК-де (олардың жергілікті жерлердегі филиалдарында), КСРО-ның ОГПУ-НКВД-МГБ-КГБ органдарында (олардың Қазақстандағы бөлімшелерінде) «Алаш Орда» кезінен бері сталиндік режимнің жаулары – «буржуазиялық ұлтшылдардың» жасырын құпия тізімі болды. Ал олар іс жүзінде Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен нағыз Қаһармандар еді.
Большевиктік-коммунистік партия өзінің саяси қарсыластарына қарсы әртүрлі қуғын-сүргін науқандарын жүргізген, № 1 және № 2 сталиндік ату тізімдерін немесе атып өлтіру, соттау, қуғын-сүргінге ұшырату мақсатында басқа да жазалау акцияларын жасаған кезде дәл осы «буржуазиялық ұлтшылдар», яғни біздің Қаһармандар ең алдымен қарауыл ұшына ілінді.
Қазақ халқының азаттығы мен мүддесі жолында күрескені үшін біздің Қаһармандарымыздың үстінен бірде-бір қылмыстық іс қозғалмаған, не оларға бірде-бір үкім шығарылмаған. Олардың барлығы әдейі түрде өздері жасамаған және жасай алмайтын қылмыс жасады деп айыпталған. «Қазақ буржуазиялық ұлтшылдығымен күрес» деген желеумен ұлттық элитаның үздік бөлігі жойылды. Бұл проблемаға да саяси және мемлекеттік баға берілмеді.
ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша ақталған 350 мыңнан астам адамның 70%-ға жуығын біздің елімізге жер аударылған халықтардың өкілдері құрайды. Олардың жаппай ақталуына, біріншіден, тиісті заңның қолданылу аясына кіргені, екіншіден, барлық жер аударылғандар тізімінің архивтерде сақталғаны, үшіншіден, жер аударылғандардың өздерінің және олардың ұрпақтарының осы мәселе бойынша үнемі жоғары мемлекеттік сатыларға өтініш жасауы себеп болды. Бұл адамдар қазір тәуелсіздік алған басқа мемлекеттердің аумағында қуғын-сүргінге ұшыратылса да, біздің еліміз оларды ақтап дұрыс істеді.
Өкінішке орай, тәуелсіз Қазақстан билігі елімізге жер аударылған халықтардың барлық өкілдерін ақтаса да, жергілікті халықтан шыққан, бірнеше ғасыр бойғы мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргін құрбандарының санаттарын (оның ішінде Қазақстаннан шетелге қуғындалған) кешенді түрде зерттеуге кіріскен жоқ. Бұл тұрғыда қазақтың «зиялы қауымы» басқа бұрынғы кеңестік республикалардағы сияқты билікке қуатты және жүйелі қысым жасай алмады.
Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жан қиған, талай қуғын-сүргіндердің қыспағы мен азапты сынақтарынан өткен, сонда да ішкі тазалығы мен өз халқына деген кіршіксіз махаббатын сақтап қалған қаһармандарымыздың аруағы, ұлы Рухы біздің оларға қашан мемлекеттік деңгейде тиісті баға беретінімізді күтіп жатыр. Егер біз өзінің киелісі мен қасиеттісінен безген, ұлы ата-бабаларын сатып жіберетін саяси және моральдық азғын болмасақ, бүгінгі күні кімнің арқасында тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызды сезбейтін, білмейтін жексұрын, мәңгүрт болмасақ, біз оларға РУХАНИ және МЕМЛЕКЕТТІК ЕСКЕРТКІШТЕР орнатуға тиіспіз.
Өзінің табиғи құқықтары, өз отбасының мүдделері, өз халқының және Қазақстанның ұлттық мүдделері үшін күрескен қаһармандарымыздың ешқайсысы өз Отанын сатуды, контрреволюциялық қызметпен айналысуды, бандылық құралымдарға қатысуды, алыс шет мемлекеттердің пайдасына шпиондық жасауды және ұлт-азаттық күресті тұншықтыру, қуғын-сүргінге ұшырату үшін заңсыз, қылмыскер большевиктік билік өзіне таңған, ақылға сыймайтын «мемлекеттік қылмыстар» жасауды ойына да алған емес. Бұл – абсолюттік ақиқат! «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры бұған кепіл бола алады.
Сондықтан да осы қаһармандарға қатысты арнайы сот алқаларының «үштіктері», «екіліктері» шығарған әділетсіз үкімдерді прокурорлардың, соттардың жоюы – бұл тек формальды әрекет, яғни бұрынғы әуел бастан заңсыз шешімдерді жоғарының нұсқауы бойынша ҚАЙТА ҚАРАУ ғана. Бұл қаһармандар лайық болып табылатын, олардың еңбегі сіңген толық ақтау емес. Бұл – олардың естелігін құрметтемеу, бюрократиялық жолмен келемеждеу. Олар Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі және жерінің тұтастығы үшін күрескен тұлғалар ретінде саяси жағынан ақталуға тиіс.
Прокурорлар мен соттар Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің патриоттығы мен ерлігіне баға бере алмайды, оған құқығы да жоқ. Оның үстіне әлемнің ешбір елінде, оның ішінде Қазақстанда да прокурорлар түпкілікті шешім қабылдауға, адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін тануға құқылы емес, олардың үкімдердің күшін жоюға да құқығы жоқ. Бұл да біздің өзіміз үшін киелі әрі қасиетті тақырыпқа үстіртін және жауапсыз қарайтынымызды көрсетеді.
Алтыншы. Қазақ халқын және шынайы қазақ тарихын ақтап алу қажет. Біздің қоғамдық ғылымды, оның ішінде тарих ғылымын кеңессіздендіру, отарсыздандыру әлі аяқталған жоқ. Біз қоғамдағы тұрақтылықты сақтауымыз керек деген сылтаумен халқымызға қарсы сталинизмнің жасаған қылмыстарын мемлекеттік деңгейде жасырудамыз. Соның салдарынан халыққа қарсы жасалған осы қылмысты саясатты белсенділікпен іске асырғандарды (олардың аттарын атамағандықтан) жабудамыз. Оларға осылайша жанашырлық көрсетуіміздің өзі тарих алдында күнә, тіпті біздің қылмысымыз деп санауға болады. Егер осы шындықтар ашылатын болса ол еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне еш зиян келтірмейтінін бүгінгі таңда біздің халқымыз біліп отыр. Өкінішке орай, прогресшіл және демократиялық жұртшылықтың тәуелсіз Қазақстан билігіне артқан үміті толық ақталмады. Мемлекеттік тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болып қалса да, проблеманы осылайша тұжырымдауға мәжбүр болып отырмыз. Қазақ халқы өзінің қаһармандарын толық ақтай алмағандықтан шын тарихын жаңғырта алмауда, сонымен бірге өз тарихында жартысынан астамы қырылып қалған трагедияға қатысты да өзінің шынайы тұжырымын жасай алмады.
Соның бір көрінісі ретінде біздің биліктің Астананың ескі бөлігінде, қалың ағаштың қуысында, ешкімнің көзіне түсе қоймайтын түкпірде (біреулер оны халықтан жасыру үшін осылай істеді дейді) «Қаралы қабырға» деген шағын ескерткіштің қойылғандығы. Қаңыраған кереге мен аспанға қолын жайған ақсақал мен әйелдің бейнесі большевиктік-сталиндік катастрофаның шынайы кейпін, алып масштабын аша алмай тұр. «Ашаршылық» - аш-жалаңаш, аштықтан ауылдар мен қалаларда, жолдарда, мемлекеттік органдардың алдында, станциялар мен көшелерде қиналып, қырылып өліп жатқан миллиондаған бақытсыз адамдардың әлемдік катастрофасы болды емес пе? Қылмыскер билік оларды құтқару үшін саусағының үшін де қимылдатқан жоқ, керісінше алысқа кетпекші болғандарды қоршап алып, НКВД солдаттарының кордонынан шығармай қойды.
Ал мына қарапайым ескерткіште тым болмаса аштықтан қырылған адамдардың мәйіттері де көрінбейді. Халықтың қылмысты билікке деген ыза-кегі де, қарғысы да атымен жоқ. Архитектураның мамандары бұл ескерткіштің тұжырымы мен тұрған орны қырғынның келбетін аша алмаған, тек әйтеуір халықты алдарқату үшін қойыла салған сапасыз дүние деп айтады.
Республикалық «Қаһармандар» қоры қоғамның осы наразылығына қосылып, «Ашаршылықтың» 90-жылдығы қарсаңында жаңа астананың сол жағалауына қарамау, ойланбау мүмкін болмайтындай етіп «Аза тұту алаңы», немесе «Қасірет тауы» («Қаралы қабырға» емес «Қаралы тау») деген атпен мемориалды кешен орнатуы керек деп санайды. Ол халықтың қансыраған қасіретін толық көрсетіп, мәңгілік ұмыттырмайтын болар еді.
Кешеннің ортасына еліміздің туы мен елтаңбасы салынған биік стелла бой көтеріп, жарқырап, қазақ халқының рухының сынбай, асқақтап, тәуелсіздікке қол жеткізгенін көрсетіп тұрса бір ғанибет болар еді.
Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығы жолында күрескен, Мәңгілік Ел рухын бізге жеткізген барлық батырларымыз бен билеріміз, қол бастаған көсемдеріміз бен сөз бастаған шешендеріміз, барлық қаһармандарымыз қазақ ауылдарында туып, өсті. Большевиктік-сталиндік режим ауылдың діңгегі болған барлық есті-басты, малды-жанды адамдардың бәрін қылмыскерге санап, құртуға тырысты. Қудалауға олардың өздері ғана емес, барлық отбасы мүшелері, соның ішінде бесіктен белі шықпаған сәбилерінен бастап, еңкейген кәрілеріне дейін ілекті. Репрессиға байлар ғана емес барлық оқыған, көзі ашық, мұғалім болған адамдар, дін иелері, атқамінерлерді де қосты. Сөйтіп, қазақ халқының ұлттық кодына балта шабылды. Оны тәрбиелейтін ортаның шаңырағын ортасына түсірді. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан еркіндік сүйгіш, көшпенділерге тән азат рухы осылай аяққа басылды.
Әрбір байға, жартылай феодал мен ауқатты қожалық иесіне қылмыстық іс қозғалды. Осы іс бойынша олардың барлық отбасы мүшелері, туған-туыстары, білімді адамдар, діни қызметкерлер және басқа да «атқамінерлер» қылмыстық жауапқа тартылып, тәркілеуге ұшырады, Қазақстанның өз ішіне, сондай-ақ одан тыс аумаққа жер аударылды. Ұзақ уақыт архивтерді зерттеген ғалымдардың мәліметі бойынша, бұл қылмыстық істер сол күйі қайта қаралмаған, қуғын сүргін құрбандары әлі күнге дейін ақталмаған.
Мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргіннің жан-жақты және объективті түрде зерттелмеген және мемлекет тарапынан бағаланбаған, сол себепті саяси тұрғыдан ақталмаған құрбандарының үлкен санаттарының бірі – кезінде Қазақстаннан қудаланған, қазір шетелде тұратын отандастарымыз. Олардың арасында өз Отанының азаттығы үшін отаршыл-тоталитарлық режимдермен күрескен патриот қаһармандар аз болмаған. Олар отаршыл-тоталитарлық режимдердің қуғын-сүргінінен немесе билік қолдан жасаған, жаппай және бұрын-соңды болмаған аштықтан қашып құтылған, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қоныс аударушылар, босқындар (олардың ұрпақтары). Біз қазір тәуелсіздік жылдары қабылдаған миллионға тарта отандастарымызды ғана ауызға аламыз. Егер олардың туған жерді қудаланудың салдарынан тастап кету себебіне саяси баға берілген болса оралмандардың саны еселеп артқан болар еді.
Мысалы архив деректері бойынша, 1917 жылғы қаңтарда патшаның жазалаушылары Жетісудың көтеріліске шыққан ауылдарының 273 мыңнан астам тұрғынын Қытайға қуған. Жетісу губерниясы әкімшілігінің өз есеп-қисабы бойынша Верныйдан Қытаймен шекараға дейінгі жердегі 53 мың қазақ қожалығы, ауылдар мен қышлақтар тоналып, қиратылып, орнында үйіндісі ғана қалған. Халықаралық практикада мұндай жағдайларда зардап шеккен адамдарға босқын мәртебесі беріліп, олар халықаралық ұйымдардың қорғауына алынады.
Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа Қазақ мемлекеті халықаралық стандарттар мен практикаға сәйкес өзінің тарихи Отанына оралып жатқан отандастарымызды қабылдау және жайғастыру бойынша саяси, құқықтық және моральдық жауаптылықты өз мойнына алуға тиіс еді. Парламент осы адамдардың мәртебесі, Қазақстаннан қуылу себептері, өзінің Отанына оралатын оралмандарға, олардың бейімделуі мен орнығуына мемлекеттік көмек көрсету мәселелері айқындалатын бірқатар заңнамалық актіні қабылдауға міндетті еді. Кезінде біз осы мәселелерді шешу туралы ұсыныс түсіріп, мемлекеттік актілердің жобаларын жасаған едік. Алайда біздің билік оны жасауды қажет деп таппады. ҚР Жоғарғы Кеңесі «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңды қабылдау кезінде қуғын-сүргін құрбандарының таза қазақстандық санатын зерттемеді және осы Заңға қоспады. Қазақстандық құрбандар санаты бұл Заңның қолданылу аясына кірмей де қалды, өйткені 1992 жылғы 7 желтоқсанда академик М. Қозыбаев төрағалық еткен Жоғары Кеңес Төралқасы комиссиясының әйгілі әрі атышулы Қорытындысы жария етілгеннен кейін Қазақстан компартиясының кешегі басшылары мен идеологтары, сондай-ақ Республикалық күш құрылымдарының басшылары бұрынғы режимдердің барлық қылмыстарын ашуды және кеңес насихаты мен кеңестік қоғамдық жалған ғылым жасаған мифтердің бұзылуына жол беруді қаламады, сөйтіп, халықтың коммунистік партияға қарсы ашу-ызасының өршу қаупін, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауды және басқа да «ізгі» себептерді желеу етіп бұл тақырыпты жауып тастады.
Сондықтан да Қазақстан билігі архивтерге құпиялық құлпын салу және бұл тақырыпты кешенді ғылыми зерттеу мен мемлекеттік бағалаудан жабық ұстау жөнінде жасырын нұсқау берді. Мұның өзі Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі идеалына және әлемдік практикаға қайшы келгендіктен, бұл туралы ресми жарияланбады. Тұтас ұжым болмаса, бірлі-жарым кісінің күшімен еңсерілмейтін бұл ауыр жұмыс негізінен жекелеген тақырыптар мен тұлғалар бойынша кейбір ғалым-патриоттардың, өлкетанушылардың, сондай-ақ өз мүмкіндігі мен құзыретінің шамасына қарай кейбір жазушылар мен журналистердің күшімен жүргізілуде.
Өкінішке орай, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын толық ақтау, біздің Қаһармандарымыздың ерлігі мен батырлығын мәңгі есте қалдыру проблемалары «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілмей қалды. Біздің билік Отан қорғаушылардың есімі мен ерлігін мемлекеттік тұрғыдан толықтай бағаламай және қайта жаңғыртпай тұрып, халықтың Рухын қайта түлету, оның санасын жаңғырту мүмкін емес екенін түсінгісі келмейді. Бұл біздің биліктің бұрынғы кеңестік мемлекеттік идеологиядан толық арыла алмағанын көрсетеді. Егер шенеуніктердің іс-әрекеті мен сөздерін саралар болсақ, біздің Қаһармандарымыз бейне Қазақстанның емес, басқа мемлекеттің мүддесі мен азаттығын қорғап, сол үшін қуғын-сүргінге ұшыраған, қаза тапқан сияқты.
Ерекше атап өтерлік бір жәйт, Қазақстандағы желтоқсан көтерілісінен (1986 жылғы) кейін КСРО МҚК «қазақ буржуазиялық ұлтшылдығымен» күрес бағытын қайта қолға алды. КОКП ОК қазақ ұлтшылдығымен күресу туралы қаулы қабылдады. Оның тамырын алашордалықтардан – біздің ұлы қаһармандарымыздың шоғырынан іздестіре бастады. Бүкіл республика көлемінде, барлық ұжымдардан «қазақ ұлтшылдарын» іздестіріп, тауып жатты. Қуғындауға және қуғын-сүргінге жататын адамдардың жасырын тізімі жасалды. Тек «горбачевтік» қайта құру мен КСРО-дағы мемлекеттік және қоғамдық өмірді демократияландыру ғана Қазақстанда «кіші 37-ші жылдың» қайталануына жол бермеді.
Жетінші. Қазақстанның бірінші басшысы (1926 – 1933 жылдар аралығында Қазкрайкомның бірінші хатшысы) ретіндегі Ф. Голощекиннің (шын аты-жөні Вайнштейн Шая Исаакович) саяси, мемлекеттік қызметін оның патриоттық және прогрессивті пікірдегі кадрларды қудалау мен қуғын-сүргінге ұшыратудан, өз айналасына қазақ колобороционистерін топтастырудан, өз оппоненттерін әртүрлі саяси қылмыс жасады деп айыптаудан бастап қазақ халқын ұлттың жартысын жалмаған зұлмат аштыққа ұшыратқан әрқилы әлеуметтік-саяси науқандарды, оның ішінде «Қазақстандағы кіші қазанды», тәркілеуді, ұжымдастыруды ұйымдастыруға дейін жан-жақты зерттейтін уақыт әлдеқашан жетті.
Бұл ретте Ф. Голощекиннің өзі бастама жасаған акциялар мен шешімдерді анықтап, оларға баға беру қажет. Оның одақтық орталықтың шешімдері мен нұсқауларын орындауды қалай ұйымдастырғанына жеке баға беру керек.
Егер кеңес халқы үшін ең қанқұйлы қуғын-сүргін, ең ауыр қасірет 1937-1938 жылдары орын алған болса, қазақ халқы үшін жоңғар шапқыншылығымен пара-пар ең көлемді қасірет Қазақстанды Ф. Голощекиннің басқарған жылдары жасалды. Ф. Голощекин қазақ саяси элитасы арасындағы топаралық күресті, ең бастысы Қазақстанның басшы құрамы арасында қазақ халқының стратегиялық мүдделерін қорғауда бірлік пен мемлекеттік патриотизмнің жоқтығын пайдаланып, қысқа мерзім ішінде негізгі күшті өз жағынан топтастырды және жеке билік режимін күшейтіп алды. Қазақ халқының мүддесін барынша принципті түрде қорғаған, ең көрнекті, прогресшіл басшылар С. Сәдуақасов, С. Қожанов пен С. Мыңбаев алғашқылар қатарында саяси қуғын-сүргіннің нысанасына ілініп, Республиканың басшы құрамынан қуылды. Олар Қазкрайкомның 1926 жылғы 3-ші пленумының шешімімен Қазақстанның басшылығына және партияның бағытына қарсы оппозициялық қызмет жасады, «ұлтшыл-уклонист» деп айыпталды. Өкінішке орай, Ф. Голощекиннің халыққа қарсы бағытына ашық қарсы шыққан қаһармандардың мемлекеттік патриотизмі бүгінге дейін тиісті түрде бағаланбады, олардың ерлігі халықтың жадында сақталмады.
Біз сол кездегі қазақтың саяси элитасы алауыздық танытпай, туған халқының ұлттық мүдделерін бір кісідей бірлесіп қорғағанда өзінің мәні, мазмұны жөнінен авантюралық, халыққа қарсы қылмыстық саяси науқан – «Қазақстандағы Кіші қазанды» қабылдау мен іске асыруға жол бермеген болар ма еді деген басты сұраққа жауап беруіміз қажет.
Егер зиялы қауым, саяси элита сонымен қатар халқымыздың барлық көзі ашық бөлігі бүгінгі күні де бұл мәселелердің қажеттілігіне көңіл бөлмесе, соның ішінде қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғамдық қайраткерлерінің коллаборцианизміне әділетті баға берілмесе, онда өздерінің саяси көрсоқырлығын көрсетеді және өздерінің топтық және рулық мүдделерін жалпыұлттық мүддеден жоғары қоятындықтарын паш етеді.
Егер біз осы сынақ пен арылудан өтіп, адамгершіл- психологиялық кедергілерді еңсеріп, арымызды тазартпасақ, онда өзіміздің жаңғырған саяси стандарттарымызды қалыптастыра алмаймыз. Қайта-қайта сол баяғы «қазақпайшылдықтың» қоқыстары мен ластығына ұрына беретін боламыз.
Сегізінші. «Троцкийшілдер» мен «зиновьевшілдерге» қарсы күреске және Қазақстанда осы күресті іске асыру салдарларына объективті, саяси және ғылыми-тарихи баға беру – оның мақсаты мен міндеттерін жан-жақты ашу қажет. Бәлкім Алматыда тұратын қазақ Троцкий туралы естіген де болар, бірақ еліміздің басқа өңірлерінде тұратын қазақтар Троцкий мен Зиновьев жөнінде білмегені анық. Большевиктік-сталиндік режим осы және басқа да саяси және идеологиялық қарсыластарымен күрес жүргізу желеуімен Қазақстандағы кеңестік эксперименттерге қарсы ниеттегі халықты құртты.
Қазақстанда жүргізілген «зиянкестікке», «диверсияларға» қарсы күрес міндеттері мен басқа да саяси науқандарды жан-жақты зерттеп, оларға саяси және ғылыми баға беру қажет. Мысалы, Қазақстанда тек қана 1928-ші егіс жылының нәтижелері бойынша Астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін 58 мың адам жауапқа тартылып, оның 34 мыңы сотталған. Ғалымдардың айтуынша, бұл істер содан кейін қайта қаралмаған, сотталған адамдар ақталмаған. ОГПУ органдары жұртшылықты алдау үшін Қазкрайком басшылығымен келісе отырып, осы қуғын-сүргін түрін кеңес өкіметі жауларының «зиянкестік», «диверсиялық» қызметіне қарсы шара деп көрсету мақсатында Қазақстанның бірқатар өңірінде қылмыстық істерді қолдан жасап, орталығы Алматы қаласында делінген, өмірде мүлдем болмаған, астыртын «Қазақстанның шаруа партиясының» филиалдарын «ашқан болды». Осы іс бойынша 20-дан астам адам қылмыстық жауапқа тартылып, сотталды. Жұртшылықтың, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар ұрпақтарының осы науқандар нәтижелері туралы білуге моральдық және заңды құқығы бар. Ал оған көмектесу – Қазақстан билігінің міндеті.
Осындай кампаниялардың салдарын зерттеу олардың трагедияларының алдағы уақытта қайталанбауы үшін қажет. Мемлекеттің жоғары эшелонындағы билікке таласудың салдары қарапайым адамдарды қуғын-сүргінге салғандығы - әлемдік тарихта болмаған нонсенс.
Тоғызыншы. Болашақ Парламент «ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының ҚазОАК пен ҚАКСР ХКК-ның «Бай қожалықтарын тәркілеу туралы» 1928 жылғы 27 тамыздағы, «Ірі және жартылай феодал байларды тіркілеуге және жер аударуға қарсы іс-қимыл үшін қылмыстық жауаптылық туралы» 1928 жылғы 13 қыркүйектегі және «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және құлақтар мен байларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар туралы» 1930 жылғы 19 ақпандағы қаулыларын зерттеу жөніндегі 1992 жылғы 7 желтоқсанда құрылған комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия)» Қорытындысын объективті түрде бағалауға қайта оралуы қажет.
Халық қалаулысы, академик-тарихшы М. Қозыбаев басқарған Комиссия сол кезде қолжетімді болған төлнұсқа архив құжаттарын жан-жақты және терең зерттеп шығып, өзінің тұжырымдары мен ұсыныстарында осы Актілер мен басқа да мемлекеттік (партиялық) шешімдерді және Акцияларды, олардың іске асырылуы мен зардаптарын Адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызды, қазақ халқына қарсы геноцид деп таныды. ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Комиссияның тұжырымдарымен және ұсыныстарымен тұтастай келісті. Күні бүгінге дейін ешкім Комиссияның тұжырымдарын ресми түрде теріске шығарған жоқ.
Дегенмен Жоғарғы Кеңестің Кеңес Одағы ыдырағанға дейін сайланған, КОКП-ның бұрынғы мүшелері болып табылатын депутаттары осы тарихи тағдыршешті проблемаларды талқылау және қазақ халқын бұрын-соңды болмаған зұлмат қасіретке ұшыратқан халыққа қарсы, қылмыскер шешімдерге баға беру бойынша тиісті Мемлекеттік актілер қабылдау үшін Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысына шығарудан жалтарды. Біз осы қорқақтықтың салдарын әлі күнге дейін тартып келеміз.
Осы Комиссияның мүшесі әрі хатшысы ретінде Жоғарғы Кеңестің бірқатар қаулыларын қабылдауды ұсындым, олар жоғарыда аталған және басқа да мемлекеттік (партиялық) шешімдердің заңдық күшін жойып, оларды халыққа қарсы (антинародный) болғаны себепті қабылданған кезінен бастап жарамсыз деп танитын еді. Сонда барлық (қаза тапқан, сотталған, жер аударылған және қуғын-сүргінге ұшырағандардың басқа санаттарына ауыстырылған) құрбандар заңдық және саяси тұрғыдан толық және сөзсіз ақтауға жататын еді. Менің бұл пікіріме құрамында Республиканың Бас Прокуроры, ҰҚК Төрағасы, Ішкі істер министрі, депутаттар мен басқалар болған Комиссияның басқа мүшелері де келісті.
Бірақ, өкінішке орай, барлық шындықтың ашылуына мүдделі болмаған, қазақ қасіретін объективті түрде және толық бағалауға дайын емес белгілі бір топтар депутаттардың бұл мәселеге бей-жай және самарқау қарағанын пайдаланып, оны тек Жоғарғы Кеңестің Төралқасына ғана шығартты. Төралқа өзінің 1992 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысында мәселені принципті түрде, әділ шешуден және қоғамдағы шиеленіс түйінін тарқатудан жалтарып, қуғын-сүргіннен жапа шеккен адамдарды ақтау жөніндегі барлық мәселелер қабылданғалы жатқан «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңға енгізіледі деп көрсетті. Бірақ кейіннен Қазақстандағы қуғын-сүргін, жазалау шараларының жүйесіне ешкім мән беріп, бас ауыртпағандықтан, оны жан-жақты зерттеуге ұмтылмағандықтан Қазкрайкомның, ҚазОАК пен ХКК-ның осы және басқа шешімдерін іске асырудан зардап шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандарының көптеген санаттары аталған Заңға енбей қалды.
(Жалғасы бар)
Пікір қалдыру